
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, жастар, құрметті қонақтар мен өңір тұрғындары қатысты. Фестивальдің ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей, Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжон Кихон, Қазақстан корейлері қауымдастығының президенті Юрий Андреевич Цхай және Қауымдастықтың Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Владислав Валерьевич Ким құттықтау сөз сөйледі.




Бағдарлама театр фойесіндегі шығармашылық прологтан басталып, онда Қазақстан корейлері қауымдастығының Қарағанды облыстық филиалының шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Сондай-ақ корей мәдениеті мен өнеріне арналған көрме ұйымдастырылды. Фестивальдің басты оқиғасы – Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театрының «Мұра» («Наследие») театрландырылған қойылымы болды. Спектакльде корей халқының тарихи тағдыры, туған жерден айырылу, бастан өткерген қиындықтар, отбасы құндылықтары мен ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапты. Қазақстан корейлерінің 90 жылдығы – халықтың тарихи жолын еске алып, елдің дамуына қосқан елеулі үлесін атап өтетін маңызды күн. Фестиваль Қазақстандағы мәдени әралуандылықты, тарихи жадыны, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді дәріптеген маңызды мәдени іс-шараға айналды.