HomeBlogЖаңалықтарҚарағанды облысының Достық үйінде «Диалог, сенім және медиация: Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының құндылықтарын іске асыру» тақырыбында облыстық Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Қарағанды облысының Достық үйінде «Диалог, сенім және медиация: Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының құндылықтарын іске асыру» тақырыбында облыстық Медиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Кәсіби мереке – Қазақстан медиаторлары күні қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, ғылыми қауымдастықтың, кәсіби медиаторлардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері және Медиация кеңесінің мүшелері қатысты. Басқосу барысында қоғамдық келісім саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, медиация және этномедиация тетіктерін жетілдіру, жанжалдардың алдын алу, сондай-ақ этносаралық бірлік пен қоғамдық тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.

Жиынды Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов ашып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы әділеттілік, заң үстемдігі, өзара құрмет пен қоғамдық келісім қағидаттарын бекіткенін атап өтті. Оның айтуынша, медиация – осы құндылықтарды іс жүзінде жүзеге асыратын тиімді тетіктердің бірі.

Медиация институтының қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары туралы «Zolotaya seredina-SM» қоғамдық бірлестігінің президенті, кәсіби тренер-медиатор Света Шардарбекова баяндама жасады.

Қарағанды облыстық сотының апелляциялық сатысының судьясы Динара Мутубаева отбасылық дауларды шешудің заманауи тәсілдері туралы баяндап, сот тәжірибесінде медиацияны қолданудың маңыздылығына тоқталды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің саясаттану және әлеуметтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Анжела Инжиголян әлеуметтік және этносаралық жанжалдардың алдын алудағы медиацияның рөлі туралы баяндама жасап, қоғамда диалог мәдениетін, өзара құрмет пен келісім құндылықтарын қалыптастырудың маңызын атап өтті.

Отырыс барысында медиация институтын одан әрі жетілдіру, этномедиацияны дамыту, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және этносаралық қатынастар саласында медиативтік технологияларды кеңінен қолдану мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмасу өтті.

Іс-шара соңында медиация институтын дамытуға, этносаралық келісімді нығайтуға және қоғамдық тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар табысталды.