Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша өткен марапаттау рәсіміне қатысты. Қарағанды облысының «Аналар алқасының» төрайымы Айжан Қазымирқызы Қиясова қалыптасқан дәстүр бойынша «Ақ орамал» акциясы аясында іс-шараға қатысушылардың арасындағы ең үлкен жастағы анаға ақ орамал жауып, отбасындағы ананың жоғары рөліне тоқталды. Ол отбасының жылуын сақтап, бала тәрбиесіне көңіл бөліп, өскелең ұрпаққа рухани және адамгершілік құндылықтарды жеткізуде ана рөлінің ерекше екенін атап өтті. Қарағанды облыстық Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Новое телевидение» Қарағанды телеарнасының директоры Руслан Иосифович Никонович этномәдени бірлестіктер өкілдерімен бірге «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына қатысып, Қарқаралы ауданындағы Миллионер отбасы туралы айтып берді. Бұл отбасында 11 бала тәрбиеленіп отыр, оның бесеуі – асырап алынған балалар.




Осы отбасымен танысудан ерекше әсер алған Руслан Иосифович Миллионер отбасы тұратын Қоянды ауылының барлық балаларын «Жосалы» шипажайында ұйымдастырылатын арнайы балалар мерекесіне шақырып, ұсыныс білдірді. Көрермендер грек этномәдени орталығы «Понтос» төрайымы Деспина Ивановна Касапидидің сөзін жылы қабылдады. Ол бірінші орын үшін бақ сынаған отбасыларды марапаттады. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері атынан байқауға қатысқан бір жасқа дейінгі ең кішкентай қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталатынын жариялады. Алғашқы сыйлық сахна төрінде бір жасқа толмаған бүлдіршінге табысталды. Сыйлық ретінде ат бейнесіндегі тербелмелі ойыншық беріліп, бүлдіршін оны бірден сахнада «мініп» көрді. Осындай игі бастамалар адамдарды біріктіріп, отбасылық құндылықтарды нығайтып, өзара құрмет пен қамқорлыққа негізделген жылы атмосфера қалыптастырады. «Мерейлі отбасы» байқауының негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық дәстүрлер мен ұрпақтар сабақтастығын сақтау, өскелең ұрпақты тәрбиелеу және қоғамдағы отбасының рөлін арттыру.
Биыл облыстың қалалары мен аудандарында өткен іріктеу кезеңдеріне 100-ден астам отбасы қатысып, олардың 26-сы облыстық финалға жолдама алды. Бас жүлде Қарағанды қаласынан келген Кернебаевтар отбасына бұйырды. Бірінші орынды Нұра ауданынан Пшенбаевтар отбасы, екінші орынды Осакаров ауданынан Пята отбасы, үшінші орынды Қарқаралы ауданынан Бейсенаевтар отбасы иеленді. Байқауға түрлі этнос өкілдерінен құралған отбасылардың қатысуы ерекше мәнге ие. Олардың барлығын ортақ құндылықтар — отбасына деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, балаға қамқорлық, салт-дәстүрді сақтау және озық құндылықтарды келер ұрпаққа жеткізуге деген ұмтылыс біріктіреді. Мұндай бастамалар қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал етіп, қоғамда өзара құрмет, мейірімділік, жауапкершілік пен ынтымақтастық құндылықтарын қалыптастырады. Берекелі отбасы — берік қоғамның, бейбітшілік пен бірліктің негізі!