Фестиваль барысында қолөнершілер өз шеберліктерінің қыр-сырын көрсетіп, қонақтардың өздері де қолөнерші ретінде бақтарын сынауға мүмкіндік беретін шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Бірлік пен өзара түсіністікті бейнелейтін қазақтың дәстүрлі жамау көрпесін – құрақ көрпенің ұжымдаса жасалуы ерекше мәнді болды. Айтулы шараға қатысушылар алдында Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығармашылық ұжымдар қауымдастығының төрайымы, Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова құттықтау сөз сөйледі.

Фестиваль аясында қонақтарға Қарағанды облысынан келген этномәдени бірлестіктер мен қолөнершілер дайындаған халық қолөнері мен тұрмыстық бұйымдардың кең ауқымды көрмесі ұсынылды. Фестиваль Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған ұлттық іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі болды. Ол мәдени алмасудың, ұлтаралық диалогты нығайтудың, әлеуметтік белсенділікті дамытудың маңызды алаңына айналды.