HomeBlogЖаңалықтар11 қыркүйек күні Қарқаралы ауданында Отбасы күнін мерекелеу және Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Қоянды ауылының оқушыларына арналған қайырымдылық акциясы өтті.

11 қыркүйек күні Қарқаралы ауданында Отбасы күнін мерекелеу және Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында Қоянды ауылының оқушыларына арналған қайырымдылық акциясы өтті.

«Жосалы» шипажайының аумағында ауыл мектебінің барлық оқушысы — 70-ке жуық бала — мазмұнды әрі көңілді күн өткізді. Балалар үшін демалыс, танымдық сабақтар, шығармашылық және түрлі ойын-сауықтарды қамтыған арнайы бағдарлама ұйымдастырылды. Бастауыш сынып оқушылары аниматорлармен бірге көңілді ойындар мен интерактивтерге қатысса, жоғары сынып оқушылары «Сенің қолыңнан көп нәрсе келеді!» атты тұлғалық даму тренингіне қатысты. Тренинг барысында өзіне деген сенімділік, қарым-қатынас мәдениеті және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету мәселелері талқыланды. Бағдарламаның қызықты сәттерінің бірі — «Жосалы» шаруа қожалығына ұйымдастырылған экскурсия. Оқушылар заманауи ауыл шаруашылығымен және салада қолданылатын цифрлық технологиялармен танысты.

Әр балаға сыйлықтар табысталып, дәмді әрі пайдалы түскі ас пен тәттілер ұсынылды. Алайда бұл күннің ең басты сыйы — балаларға көрсетілген көңіл, қамқорлық және бірге өткізген қуанышты сәттер болды. Бұл игі бастаманың тарихы тамыз айында республикалық «Мектепке жол» акциясы барысында басталды. Сол кезде этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен Қарағанды облысының меценаттары Қоянды ауылындағы Милионерлер отбасымен танысты. Отбасында 11 бала тәрбиеленуде, оның бесеуі — басқа этнос өкілдерінен асырап алынған балалар. Дәл осы отбасының тағдыры көпшілікке үлгі болып, бір отбасының балаларына ғана емес, тұтас ауылдың оқушыларына қуаныш сыйлайтын игі бастамаға жол ашты. Акцияны Руслан Иосифович Никонович және оның командасы, Қарағанды облысы Аналар кеңесінің мүшесі Перизат Қалиханқызы Құлымбетова және Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды. Іс-шараға Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасы мен Қарқаралы ауданы әкімінің аппараты қолдау көрсетті. Осындай игі істер мен мейірімді бастамалар көбейе берсін!