Форумның мақсаты – мемлекеттік тілді ұлттық бірліктің маңызды факторы ретінде насихаттау, сондай-ақ өңірдегі мәдени және білім беру байланыстарын кеңейту. Іс-шараға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен өкілдері, мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, педагогтар, студенттер, жастар және өңірлік ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – менің тілім» жобасының кейіпкерлері қатысты. Форум жұмысы киіз бұйымдарының көрмесі мен дәстүрлі текемет жасаудың шеберлік сағатынан басталды. Оған қатысушылар өздері де атсалысып, мәдени дәстүрлердің сабақтастығы мен олардың біріктіруші күшін көрсетті.

Іс-шараның жүргізушісі республикалық «QAZAQSTAN» телеарнасының журналисі Алла Гаврина болды. Форумның ресми бөлімін Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Р.Бикенов ашып, мемлекеттік тілдің маңызын және оның қазақстандық қоғамның бірлігін нығайтудағы рөлін атап өтті. Форум аясында мемлекеттік тілді еркін меңгерген және оны кәсіби әрі қоғамдық қызметінде белсенді қолданатын этнос өкілдері сөз сөйледі. Спикерлер қатарында: Владислав Тен, тілдік коучинг орталығының жетекшісі, қазақ тілін үйренудің заманауи әдістемелерін ұсынды. Наталия Еременко, Т. Шевченко атындағы «Рідне слово» украин қоғамының төрайымы, мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған этномәдени бірлестіктің жобалары туралы айтты. Саид Гусейнов, №1 қалалық көпсалалы аурухананың дәрігері, медициналық салада қазақ тілін қолдану тәжірибесімен бөлісті. Руслан Пегрусь, «QazTehna» ЖШС қызметкері, өндірістік қызметте мемлекеттік тілді білудің маңызын атап өтті. Сабиржан Тинчурин, урбанистика саласының маманы, қазақ тілінің заманауи қалалық кеңістікті дамытудағы рөліне тоқталды. Ирина Девевье, Саран қаласы білім бөлімінің әдіскері, білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқытудың тиімді әдістемелерін таныстырды. Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің «2025 жылдың үздік оқушысы», әлемдік деңгейдегі спортшы Милана Ковальчук мемлекеттік тілді үйренудегі өзінің жеке мотивациясын ашып көрсетті. Георгий Перетятько, жалпы білім беретін №17 орта мектебінің оқушысы, ұлттық аспапта орындау шеберлігін танытып, домбырада күй орындады. ҚХА облыстық «Абай әлемі» конкурсының жеңімпазы Елизавета Седышева Абайдың қара сөзін оқыды. TikTok желісінің танымал блогері Ольга Ху-Дян-Бин қазақ тілінің тұлға қалыптастырудағы және жалпыұлттық сананы дамытудағы рөлі туралы өз көзқарасымен бөлісті. Форум соңында мемлекеттік тілді дамыту мен ілгерілетуге елеулі үлес қосқан қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы мемлекеттік тілдің – қазақстандықтар арасындағы бірлік, өзара түсіністік және жасампаз диалогтың қуатты құралы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.








