2025 жылғы 28 шілде күні Қарағанды облысының Полиция департаментінде ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Салауатты сана» әлеуметтік жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай буллингтің, зорлық-зомбылықтың, ысырапшылдықтың, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу тақырыбы бойынша дәріс өткізді. Іс-шараға Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Н.Р.Бикенов, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы А.К.Қиясова А.К., Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ж.И.Қайыров қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту, ата-аналар мен отбасылардың жас ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына ортақ жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ бұл бағыттағы бірлескен іс-қимыл арқылы өскелең ұрпақтың жарқын болашағын қамтамасыз ету.
Кездесу барысында азаматтық қоғам институттары мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жобаның негізгі бағыттары мен алдағы кезеңдерге арналған іс-шаралар жоспары таныстырылып, қатысушылар өзара пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеу және оны өңірлік деңгейде іске асыру бойынша нақты ұсыныстармен бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Б.О.Ахатай буллингтің, зорлық-зомбылықтың, ысырапшылдықтың, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу тақырыбындағы дәрісін Саран қаласында жалғастырды. Кездесуге Саран қаласының әкімінің орынбасары С.Бейскеев,Ардагерлер кеңесі мен Аналар кеңесінің өкілдері, полиция қызметкерлері,білім бөлімі , денсаулық сақтау басшылары мен қала жастары қатысты.
Кездесу барысында жастардың құқықтық тәрбиесі, отбасылық жағдай және ата-аналармен жүргізілетін жұмыс бағыттары жан-жақты талқыланды.
Өз сөзінде Баян Ахатай жобаның қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, барлық мүдделі тараптарды бірлесе әрекет етуге шақырды.
Кейін, Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында 2025 жылдың екінші жартыжылдығына жоспарланған Аналар кеңесінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері және «Салауатты сана» әлеуметтік жобасының жүзеге асырылуы қаралды.
Кеңейтілген отырысқа ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай, сондай-ақ облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Күн тәртібінде қоғамда өзекті болып отырған буллингтің, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, ысырапшылдықтың, лудомания мен нашақорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, осы бағыттағы проблемалар мен оларды шешу жолдары бойынша пікір алмасылып, нақты ұсыныстар айтылды.
2025 жылғы 29 шілде күні Қарағанды облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» әлеуметтік жобасы аясында кезекті дәріс өтті. ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай Долинка кентіндегі «Ұлттық ұлан» 6505 әскери бөлімінің 2-ші атқыштар батальонында буллинг, зорлық-зомбылық, лудомания, нашақорлық және ысырапшылдықтың алдын алу тақырыбында мазмұнды дәріс оқыды. Іс-шараға Қарағанды облысының ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, әскери бөлім басшылығы және сарбаздар қатысты.
Кездесу аясында жастардың құқықтық тәрбиесі, отбасылық ахуал және ата-аналармен жүргізілетін жұмыстар кеңінен талқыланды. Баян Ахатай өз сөзінде жобаның қоғам үшін өзектілігін ерекше атап өтіп, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың қатысуымен Абай қаласында кездесу өтті.
Кездесуде ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай буллинг, зорлық-зомбылық, лудомания, нашақорлық және ысырапшылдықтың алдын алу тақырыптарында жиналғандарға дәріс оқыды. Ол қоғамда кездесетін әлеуметтік мәселелердің салдары мен олардың алдын алу жолдарына ерекше тоқталып, жастарды тәрбиелеудегі отбасының рөлі мен ата-ананың жауапкершілігі жайлы айтты.
Кездесу барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, әлеуметтік мәселелерге бейжай қарамау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлу қажеттілігі туралы ой қозғады.










