2026 жылғы 1 мамыр күні облыс орталығындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының бас сахнасында Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қала тұрғындарына Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан – достық шаңырағы» атты бір сағаттық мерекелік концерттік бағдарламаны ұсынды. Қала тұрғындарын құттықтай отырып, Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Д.С. Жиенбаев этномәдени бірлестіктердің бірқатар басшыларына Алғыс хаттар табыстады. Көрермен назарына ұсынылған мерекелік концерттік бағдарлама этномәдени бірлестіктердің үздік шығармашылық ұжымдарын біріктіріп, өңіріміздің мәдени әралуандылығы мен бай рухани мұрасын кеңінен көрсетті. Сахнада «Русалица» халық ансамблі, «Айтұмар» би ансамблі, «Ақниет» ансамблі, «Вайнах» хореографиялық ұжымы, сондай-ақ корей, неміс, орыс, дағыстан және басқа да этномәдени бірлестіктердің өкілдері өнер көрсетті. Бағдарлама барысында халық әндері, ұлттық билер және заманауи музыкалық шығармалар ұсынылып, әр этностың мәдени дәстүрі мен өзіндік ерекшелігі айқын көрініс тапты. Мерекелік концерттің қорытынды бөлімінде «Казачья вольница» халық ән және би ансамблі мен этномәдени бірлестіктердің біріккен шығармашылық ұжымдары «Қазақ елі» композициясын орындап, бірлік, патриотизм және ортақ азаматтық бірегейліктің символын айшықтады. «Қазақстан – достық шаңырағы» мерекелік концерті достық, келісім және өзара құрмет идеяларын дәріптеп, этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы бірлікті нығайтуға қосып отырған маңызды үлесін тағы бір мәрте дәлелдеді.














