HomeBlogЖаңалықтарН.В. Плушкис атындағы XII румын фольклоры фестивалі «Мэрцишор-2026» өткізілді

Н.В. Плушкис атындағы XII румын фольклоры фестивалі «Мэрцишор-2026» өткізілді

Қарағанды облысының Достық үйінде Н.В. Плушкис атындағы XII румын фольклоры фестивалі «Мэрцишор-2026» өткізілді. Аталған іс-шара әртүрлі этнос өкілдерін біріктіріп, мәдениетаралық диалогты дамытуға, достық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталды. Фестиваль аясында Қазақстан мен Румынияның мәдени мұрасын танытатын «Күшіміз бірлікте» тақырыптық көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге ұлттық киімдер, тұрмыстық бұйымдар, музыкалық аспаптар, сондай-ақ кітап көрмесі мен «Дакия» румын мәдени қоғамының қызметіне арналған материалдар ұсынылды. Фестивальдің негізгі символы ретінде ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени байланыстарды бейнелейтін «бірлік ағашы» таныстырылды. Іс-шараның негізгі бөлігі шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың қатысуымен өткен гала-концертпен жалғасты. Концерт бағдарламасы румын және қазақ халықтарының мәдени мұрасын насихаттайтын вокалдық және хореографиялық нөмірлерден құралды. Фестиваль барысында мемлекеттік органдар мен дипломатиялық корпус өкілдері құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, «Дакия» румын мәдени қоғамының дамуына және ұлттық дәстүрлерді сақтауға үлес қосқан азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара Румыниядан келген өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен қорытындыланып, фестиваль мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды алаң екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.