Қарағанды облысы Наурыз мейрамын ауқымды және жоғары деңгейде атап өтуде. Мерекелік іс-шараларға Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері белсене қатысуда. Көктемнің шуағына бөленген Қарағанды өңірі Наурыз мейрамын айрықша сән-салтанатпен, кең тыныспен және шынайы ықыласпен қарсы алуда. Халықтық және заманауи әуендер үндесіп, шат-шадыман көңіл күй мен ақжарқын жүздер мерекенің ерекше рухын айшықтай түсуде. Өңірдің барлық қала-аудандарында ұйымдастырылған думанды шаралар дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырып, әрбір тұрғын мен қонақты жаңару мен үйлесім мерекесінің ажырамас бөлігіне айналдырды.
Қалалардың орталық алаңдарында этноауылдар бой көтеріп, тақырыптық киіз үйлер тігіліп, театрландырылған қойылымдар, айтыс пен концерттік бағдарламалар ұсынылуда. Мерекенің ең ауқымды алаңдарының бірі Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырылды. Каскадты алаң ақ шаңқан киіз үйлер қоныс тепкен көркем этноауылға айналды. Ұлттық ою-өрнектермен безендірілген әрбір киіз үй белгілі бір тақырыпты арқау етеді — дәстүрлі тұрмыс, қолөнер, ұлттық тағамдар. Мұнда қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, сауда қатарлары, арт және фото аймақтар, сондай-ақ көпшілік сүйетін алтыбақан орналасқан. Мерекенің шымылдығы «Қош келдің, Әз-Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен түрілді. — Наурыз — жай ғана мереке емес, бұл — рухани жаңғыру мен ішкі түлеудің кезеңі. Халықты ұйыстыратын осы мейрамда бірлігіміз беки түсіп, жасампаз, озық қоғам қалыптассын! — деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. Жағалауда орналасқан мерекелік шатыр биылғы думанның басты орталықтарының біріне айналды. Мерекелік бағдарлама концерттік кешпен жалғасын тапты. Сахнада шығармашылық ұжымдар мен танымал өнерпаздар — Нұрлан Өнербаев, Маржан Арапбаева және «Жігіттер» тобы өнер көрсетті. Концерт барысында халық әндері мен эстрадалық шығармалар орындалды.











