Қарағанды облысының Достық үйінде еңбек ардагері, Қарағанды облыстық «Ихлас» татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы әрі алғашқы төрағасы Анвар Бекмұхаметұлы Керейбаевтың жеке архив қорын таныстыру рәсімі өтті. Іс-шара қоғам қайраткерінің туғанына 90 жыл толуына орай ұйымдастырылып, оның саналы ғұмырын ел игілігіне, қоғамдық қызметке және этносаралық келісімді нығайтуға арнаған тұлғаға көрсетілген тағзым болды. Кездесу барысында Анвар Бекмұхаметұлының өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған деректі фильм көрсетіліп, оның құжаттары, фотосуреттері, марапаттары мен өзге де материалдарының Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құрамына ресми түрде енгізілгені атап өтілді.
Іс-шараға Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рахметоллаұлы Бикенов, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Ноян Үдербайұлы Жүнісов, «Қарағанды облысының мемлекеттік архиві» КММ басшысы Ерлан Мекежанұлы Нелдібаев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Кенжебалақызы Омарбекова, Қарағанды облысындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары Вилен Борисович Молотов-Лучанский, Увайс Хаважиевич Джанаев, Виталий Альбертович Хмелевский, ардагерлер, ғылыми қауымдастық, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Анвар Бекмұхаметовичтің туған-туыстары қатысты. Жиын соңында қатысушылар көрнекті қоғам қайраткері жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісіп, оның рухына арналған музыкалық шығармалар орындалды.










