HomeBlogЖаңалықтарАлғыс айту күніне арналған «Алғысым саған шексіз» акциясы өтті

Алғыс айту күніне арналған «Алғысым саған шексіз» акциясы өтті

Қарағанды облысының Достық үйінде Алғыс айту күніне орай «Алғысым саған шексіз» облыстық акциясы өткізілді. Аталған іс-шараға өңірдің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қарағанды облыстық құрылымының мүшелері, қоғам қайраткерлері, жастар, әскери қызметшілер, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері, сондай-ақ төтенше жағдайлар органдары мен құқық қорғау саласының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов сөз сөйлеп, Алғыс айту күнінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар алдағы республикалық референдумның ел дамуы жолындағы стратегиялық мәніне тоқталып, оның азаматтардың ерік-жігерін білдіретін маңызды демократиялық тетік екенін жеткізді. Акция аясында Қарағанды облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хаттарымен этномәдени бірлестіктердің бірқатар жетекшілері өңірдегі қоғамдық келісімді нығайтуға және ұлтаралық татулықты дамытуға қосқан үлесі үшін марапатталды. Іс-шара барысында қоғам игілігі жолында қызмет етіп жүрген мамандық иелеріне ерекше құрмет көрсетілді. Әскери қызметшілерге, медицина қызметкерлеріне, педагогтарға, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар қызметінің өкілдеріне алғыс білдірілді. Сарбаздардың аналары­мен сахна төрінде қауышуы шараның әсерлі сәтіне айналды. Жиын барысында Ассамблея өкілдері референдум қарсаңында қоғамдық топтасудың, ашық диалогтың және азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Концерттік бағдарламаға өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысып, патриоттық әндер орындалды. Іс-шара бірлік, өзара құрмет және ризашылық рухында қорытындыланды. Аталған акция Қарағанды облысында қоғамдық келісім мен азаматтық жауапкершілік қағидаттарының жүйелі түрде жүзеге асырылып отырғанын көрсетті.