HomeBlogЖаңалықтар2026 жылғы 24 қазанда Қарағанды облысының Достық үйінде румын этномәдени бірлестігі «Дакияның» ұйымдастыруымен румын фольклорының «Toamna de Aur – 2026» («Алтын күз – 2026») фестивалі өтті.

2026 жылғы 24 қазанда Қарағанды облысының Достық үйінде румын этномәдени бірлестігі «Дакияның» ұйымдастыруымен румын фольклорының «Toamna de Aur – 2026» («Алтын күз – 2026») фестивалі өтті.

Қазақстан Республикасының күніне орайластырылған іс-шара ұлттық мәдени дәстүрлерді сақтау, инклюзивті шығармашылықты қолдау және волонтерлік қызметті дамыту мақсатында ұйымдастырылды. Фестивальге қатысушылар мен қонақтарға құттықтау сөзін Румынияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мэдэлина Лупу және «Дакия» румын этномәдени бірлестігінің төрайымы Виорика Николаевна Ненахова арнады. Өз сөздерінде олар мәдени мұраны сақтаудың және достық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Фестиваль аясында келушілерді румын халқының дәстүрлі тұрмысымен және мәдени мұрасымен таныстырған «Бірлік – береке бастауы» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Концерттік бағдарламаға қатысқан шығармашылық ұжымдар мен орындаушылар Қазақстан мен Румынияның ұлттық әндері мен билерін көпшілік назарына ұсынды. Фестиваль барысында инклюзия мен волонтерлік қызмет мәселелеріне ерекше назар аударылды. «BATYL JUREQ» инклюзивті ансамблінің өнер көрсетуі шығармашылықтың таланттарды ашуға, кедергілерді еңсеруге және адамдарды бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік беретінін айқын көрсетті. «Toamna de Aur – 2026» фестивалі түрлі этнос өкілдерін достық, бірлік, өзара құрмет пен мейірімділік сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде біріктірген мәдениетаралық диалог алаңына айналды.