HomeBlogЖаңалықтар«Сабантой-2026» мерекесі өтті

«Сабантой-2026» мерекесі өтті

Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Ихлас» Қарағанды облыстық татар-башқұрт қоғамдық орталығының ұйымдастыруымен орталықтың тұңғыш төрағасы Анвар Бикмұхаметұлы Керейбаевтың 90 жылдығына арналған «Сабантой-2026» мерекесі өтті. Сабантой – татар және башқұрт халықтарының көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуын білдіретін, еңбекке құрметті, мәдени мұраны сақтауды және ұрпақтар сабақтастығын дәріптейтін көне ұлттық мереке. Мерекенің салтанатты ашылуына этномәдени бірлестіктердің мүшелері, қоғам қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Қатысушыларды Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының міндетін атқарушы Гулнара Касембаева құттықтап, Сабантойдың тек еңбек мерекесі ғана емес, қоғамдық келісімді нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және этностардың мәдени мұрасын дәріптеуге ықпал ететін маңызды алаң екенін атап өтті. Ұлттық дәстүрге сай мереке қонақтарына қонақжайлылық пен берекенің белгісі саналатын татар халқының ұлттық тағамы – чак-чак ұсынылды. Мерекелік концертте Татарстан Республикасының Халық әртісі Фердинанд Фатхи, Татарстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Гүлшат Имамиева, «Нурби» үлгілі хореографиялық ансамблі, сондай-ақ «Алсу», «Дуслык», «Якташлар» этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Мереке аясында ұлттық ойындар, спорттық жарыстар және «Көрәш» ұлттық күресі ұйымдастырылып, оған қатысушылар өз бақтарын сынады. Сабантой дәстүрлі түрде татар және башқұрт халықтарының салт-дәстүрі мен мәдениетін кеңінен насихаттайтын, сондай-ақ этносаралық достық пен қоғамдық келісімді нығайтатын маңызды мәдени шараға айналды.