2026 жылғы 5 шілдеде Ұлттық домбыра күніне орай Қарағанды қаласының перинаталдық орталықтарында дүниеге келген сәбилердің отбасыларына ұлттық музыкалық аспап – домбыра тарту ету акциясы өтті.
Аталған акция Ұлттық домбыра күні мен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына арналды.
Іс-шара аясында мереке күні дүниеге келген сәбилер мен олардың ата-аналарына қазақ халқының рухани-мәдени мұрасының ажырамас бөлігі саналатын ұлттық музыкалық аспап – домбыра, сондай-ақ Ата Заңға деген құрметтің, азаматтық жауапкершілік пен ел бірлігінің нышаны ретінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының басылымы табысталды.
Медициналық мекемелердің мәліметіне сәйкес, мереке күні Қарағанды қаласының үш перинаталдық орталығында 27 сәби дүниеге келді.
Құттықтау шаралары №1 Перинаталдық орталықта, №2 Перинаталдық орталықта және Қарағанды қаласының Облыстық акушерлік-гинекологиялық орталығында ұйымдастырылды. Жас отбасыларды Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен Аналар кеңесінің мүшелері құттықтады.
Акцияға Қарағанды облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Аналар кеңесінің құрметті мүшесі Рымбала Омарбекова, Қарағанды облысы әкімі аппаратының әлеуметтік сала және қоғамдық даму бөлімінің басшысы Гүлфайруз Рымбекова, Қарағанды еврей мәдени орталығының төрағасы, Қарағанды медицина университетінің профессоры, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Вилен Молотов-Лучанский, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнара Касембаева, Аналар кеңесінің мүшесі Перизат Құлымбетова және Қарағанды облыстық «Видергебурт» неміс орталығының төрағасы Александр Гиберт қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар жас отбасыларға зор денсаулық, бақ-береке мен амандық тіледі. Сонымен қатар, домбыраның ұлттық болмыстың, рухани құндылықтардың және ұрпақтар сабақтастығының символы екені, ал Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғамдағы тұрақтылықтың, қоғамдық келісім мен ел бірлігінің берік негізі болып табылатыны атап өтілді.
Мұндай іс-шаралар отбасы институтын нығайтуға, ұлттық мәдениет пен дәстүрлерді дәріптеуге, мемлекеттік құндылықтарды насихаттауға, сондай-ақ қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға ықпал етеді.


