Жаңалықтар
«Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!»
Қазақта «Нағыз қазақ — қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!» деген мақал бар. Осылайша, әр қазақтың домбыра шерте білуінің маңыздылығына және осы бір қасиетті аспапқа деген ерекше құрметі мен махаббатына аса мән берілген. Домбыраның құдіретті үнімен қуанышты да қайғыны да, сүйінші хабарды да, жан сырын да жеткізген.
Қайролла Сәдуақасов - Қарағанды қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ашылған «Күй керуен» орталығының жетекші-ұстазы. Қаладағы мектеп, колледж оқушыларына қазақ даласының сан ғасырлардан бері сырын сақтаған танымал аспабының қыр-сырын айтып, домбырада ойнау шеберлігіне, оның ішінде шертпе күй ойнауды үйретіп жүрген Қайролла ағаның орталығындағы құнды жәдігер - атақты күйші Қыздарбек ойнаған 100 жылдық домбыра. Шертпе күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй. Көбіне мұны «арқа күйі» немесе «тәттімбетше» деп атайды. «Менің шәкірттерім болашақта домбыра аспабын әлемге бұдан да кеңінен танытатын шебер орындаушылар болса деп армандаймын. Президентіміздің айтқан ұлттық коды деген міне осы. Домбыра-ұлтымыздың мәдени құндылығы. Әрине, домбыра үйрету сабақтары барлық мектептерде оқытылса деймін. Өскелең ұрпақ қазағымыздың ардақты қазынасын қастерлеп, сақтауы керек»,-дейді белгілі шертпе күй шебері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дәулетбек Сәдуақасовтың ұлы Қайролла Сәдуақасов. Айта кету керек, жуырда бауырларымен бірге Сарыарқаның музыкалық дәстүрлеріне арнап «Мәнгілік сарын» кітабын жарыққа шығарды.
Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының
баспасөз қызметі