Жаңалықтар
Қарағанды Ассамблеясы Ұлттық домбыра күніне бірнеше шара ұйымдастырды
Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы биыл төртінші рет, 4 шілдеде аталып өткелі жатқан Домбыра күніне арналған іс-шаралар легін бастайды.
Домбыра күні Қазақстанда шілденің бірінші жексенбісінде тойланады. 2018 жылдың 13 маусымы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қоғамда ұлттық мәдениетті, өзіндік ерекшеліктер мен тарихты сақтау және жаңғырту идеясы мақсатында жаңа ұлттық мерекені белгілеу туралы жарлыққа қол қойды.
Осыған орай облыстың перзентханаларында«Бабалардың көзіндей касиетті домбыра» акциясы өтеді. Акция барысында әрбір туылған сәбиге Қазақстан халқы Ассамблеясының логотипі бар домбыра және тілекхат тарту етіледі. Эпидемиологиялық жағдайларға байланысты биыл Домбыраны салтанатты түрде табыстау мүмкін болмай тұр. Сондықтан ҚХА атынан сол күні дүние есігін бірінші болып ашқан нәрестелерге Домбыраны перзентхана қызметкерлері табыстайтын болады.
Акцияның мақсаты - «Рухани жағыру» ұлттық бағдарламасын насихаттау және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-білім беру жобасын насихаттауға ықпал ету.
Домбыра - жай ғана музыкалық аспап емес. Бұл қазақ үшін бір бөлек әлем, оның бүкіл өмірі. Халықымызда қазақтың жаны домбыраның үнімен бірге өмір сүреді деген түсінік те бар . Бұл акция Қазақстанның жаңа азаматтары және олардың ата-аналары үшін балалардың рухани дамуындағы маңызды бағдар бола алады деген ойдамыз. Себебі, қазақтың баласы домбыраны білмей, үнін естімей өссе, онда ол өз халқының жанын түсінбейді. Домбыра - әкеден балаға қалатын асыл мұра екенін естен шығармаған жөн.
«Біз, домбыра аспабы сәбилердің патриоттық рухта тәрбиеленіп дамуына үлесін тигізсе екен дейміз. Осы сыйлықты алған балалар нағыз патриот, тәуелсіз Қазақстанның білімді азаматы болып өседі деген ойдамыз», - дейді ҚХА мүшелері.
Сондай-ақ, осы мереке күні Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктері өкілдері арасында облыстық домбырашылар байқауы өтеді.
Қазылар алқасы қатысушылардың өнерін келесі критерийлер бойынша бағалайды: орындау сапасы, орындау шеберлігі, сахналық шеберлік және ұлттық киім.
Сайыс нәтижесі 13 шілдеде жарияланады.