Жаңалықтар
Халықтың әлеуметтік мәселелері депутаттың назарында
15 шілде күні Мәжіліс депутаттары Наталья Жұмаділдаева мен Асылбек Смағұлов Қарағанды облысы бойынша сапарын Саран қаласында жалғастырды. Сапардың мақсаты - халық қалаулысы ретінде өндіріс орындарында, ауылшаруашылық және әлеуметтік нысандарда болып еңбек ұжымдарымен және жастармен кездесу, сондай-ақ азаматтардың қоғамдық қабылдауын өткізу.
Мәжіліс депутаттары Саран қаласындағы сапарын Күн электростанциясы ТОО «SES Saran» бастады. Саран өндірістік мекен болғандықтан жаңартылатын энергия көзінің құрылысы - қуаты 100 МВт болатын күн электр станциясындағы кездесуде аса қызығушылықты тудырды. Бұл күн электр станциясы 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында электр энергиясын өндіру бойынша сағатына 46,1 млн кВт құрап, облысымызда жоғарғы көрсеткішті көрсетті.
Сонымен қатар, балалар өнер мектебі, «Galex Plus» тігін фабрикасы, Саран техникалық-гуманитарлық колледжінде болды. Өнер мектебіндегі балалардың авторлық туындыларымен танысып сонымен қатар, жаңа форматтағы жұмыспен қамту орталығына қарасты фрилансерлер мектебінің жасақтарымен кездесті. Халықтың әлеуметтік жағдайымен, тұрмыс-тіршілігімен танысу мақсатында депутаттар жергілікті халықпен Саран Мәдениет үйінде кездесу өткізді. Кездесу барысында Елбасы әлеуметтік бастамаларының жүзеге асырылу барысы, оның ішінде, тұрмысы төмен және көпбалалы отбасыларды қолдау шараларына ерекше көңіл бөлінді. Осы бағытта қабылданған заңнамалық құжаттармен қатар, жалпы заңшығарушылық жұмыстар жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш білдірген жұмыссыздар жайында «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген әлеуметтік көмек кепілді көлемімен танысты. Жастарға жұмысқа орналасуға ерекше назар аударылатын нысандарға оң бағасын берді.