Новости Республики
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды»
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идесы. Қоғамдық институт негізі 1995 жылғы 1 наурызда қаланды.
«Қазіргі таңда тәуелсіздік алған тұстағы жағдайды, яғни ХХ ғасырдың 90-жылдардың басындағы Қазақстанның қандай болғанын бүгінгі жастарға елестету қиын. Біз 15 одақтық республиканың ішінде соңғы орындарда болдық, мұның өзі жағдайдың қандай болғанынан хабар беріп тұр» - деп еске алды Елбасы ҚХА-ның XXII сессиясында.
Шынымен де, ҚХА ХХІІ сессиясында Елбасы атап өткендей, Қазақстан бұрынғы одақтас республикалардағы ұлтаралық қақтығыстардан дұрыс қорытынды жасай алды. Оның айтуынша, әртүрлі елдердің басшылары Қазақстанды панисламизм, пантүркизм, батыс өркениеті идеяларына тартуға тырысты. Бірақ қазақстандықтар ел тағдырын уақытында өз қолдарына ала білді. Маңғыстау облысы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Мамбетова Алтынай да Қазақстан осындай қиын-қыстау кезеңде егемендік алған жас мемлекет болса да, тағдырын өз қолына алып, өзі шешім шығарып, көп ұлтты халқымен бірге ұлт болып ұйысуды ғана ойлағанын айтады. Оның пайымынща, осы тұста елбасының еңбегі зор.
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделінің негізін қалаушы ретінде әлемдік қауымдастыққа белгілі тұлға. Елбасы осы бағытта жүргізген сындарлы саясатымен қатар, ұлт болып ұйысудың сара жолы зерделенген ұлттық идея, мемлекет түзуші жалпы ұлттық құндылықтар, жаңа қазақстандық патриотизмнің идеологиялық негіздерін жасау бойынша өзіндік теориялық-әдіснамалық бағытымен ерекшеленетін еңбектердің авторы», - деді ол.
Сонымен бірге, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетіміз үшін ең жауапты кезеңде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылып, бүгінгі күні еліміздегі ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегі болып отырған ерекше маңызды институт екенін атап өтті.
«Қазақстан ежелден көптеген ұлттар мен ұлыстарға құтты мекен болған аймақ. Жоғарыда атап өткендей, тәуелсіздік жылдарында этносаралық бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етуде бірегей тәжірибесі бар егемен мемлекет ретінде әлемге танылып, ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды. Оның басты ерекшелігі - елімізде ұлттық азшылық деген жоқ - барлық этникалық топтар, санына қарамастан, тең азаматтық-құқықтық және қоғамдық мәртебеге ие. Әрбір этнос Қазақстан халқының ажырамас бөлігі. Сонымен қатар, қазақстандық этностардың өкілдігі және олардың мүдделерін саяси іске асыру жоғары мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылады. Этностық топтардың мүдделері Ассамблеяның парламенттік кепілдік берілген өкілдігі арқылы қамтамасыз етіледі», - деді сарапшы.
Оның пікірінше, кең пейіл қазақ жерінің әртүрлі тарихи, әлеуметтік, саяси себептерге байланысты тағдыры тәркіге түскен көптеген халықтарға пана болып, қасиетті отанына айналды. Сондықтан, бейбітшілік пен келісімнің бірегей үлгісінің қазақ жерінде қалыптасуы тарихи заңдылық, ал оның рухани негізі Ұлы даланың этикалық құндылықтары, қазақ халқының менталдық ерекшеліктері деп тұжырымдауға болады.
«Қазақстандық модельде "бірлік — әралуандық арқылы"деген біріктіруші қағидат жатыр және қазақстандық қоғамның қазіргі сипаты оның құрамына кіретін барлық этностардың мәдени тәжірибесіне негізделеді деп бағаланады», - дейді Алтынай Мамбетова.
Жалпы, тәуелсіздік жылдары Ассамблея құрылымы кеңейіп, көптеген бөлімдер ашылды. Осындай маңызды құрылымдық бөлімдердің бірі - қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдау қызметін ұйымдастыру, студент жастарды азаматтық, толеранттық, қоғамға қызмет ету және жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу мақсатында ашылған ҚХА кафедралары. Мәдениеттану ғылымдарының кандидаты Алтынай Мамбетованың сөзінше, сондай бір кафедра Маңғыстау облысындағы жоғары білім берудің жетекші ордасы Есенов университетінде ҚХА кафедрасы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатыр.
«Республика бойынша алдыңғы қатарлы кафедралардың бірі. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы 12 штаттық бірліктен тұрады, оның ішінде 3 ғылым кандидаты, 9-ы әлеуметтік ғылымдар магистрі. Кафедраның оқу-әдістемелік қызметі жоғары оқу орнының барлық мамандықтарының 1 курс студенттеріне «Философия», «Мәдениеттану», «Қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» сияқты қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша білім беру және қызмет көрсетуге бағытталған. Оқытудың тиімділігін арттыру мақсатында электронды онлайн технологияларды енгізе отырып, "төңкерілген сынып" инновациялық білім беру моделі қолданылады», - деді сарапшы.
Ол кафедрадағы ңылыми-зерттеу қызметінің жұмысына тоқталып өтті. Оның сөзінше, бұл қызмет мемлекеттік органдар үшін практикалық ұсынымдар әзірлей отырып, Маңғыстау облысындағы этноәлеуметтік ахуалдың даму серпінін (этносаралық және конфессияаралық қатынастар, әлеуметтік-демографиялық даму, көші-қон саясаты) анықтау бойынша ғылыми-талдамалық зерттеулер мен мониторингтерді ұйымдастырумен байланысты.
«Осы бағытта кафедраның ғылыми және интеллектуалдық әлеуеті "Маңғыстау облысының ішкі саясат басқармасы" ММ, "Маңғыстау облысының мәдениет басқармасы" ММ, "Қоғамдық келісім" РММ сияқты мемлекеттік мекемелермен және ұйымдармен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру мақсатында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді аталмыш кафедра меңгерушісі.
Бұдан бөлек, ол кафедрада студенттермен тәрбилеік мақсатта бірқатар жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, тәрбие жұмысы студент жастарды қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процестеріне белсенді тарту бойынша іс-шараларды ұйымдастыруға бағытталған.
«Қазіргі уақытта ҚХА кафедрасы студент жастар үшін қазіргі заманның өзекті мәселелерін талқылау, мемлекеттік этносаясат, ерікті белсенділік саласында жастардың құзыреттілігін қалыптастыру, оларды гүлденген Қазақстанды құру бойынша жүктелген міндеттерді шешуде танытуға ынталандыру бойынша басты диалог алаңына айналды. Сонымен қатар, кафедра жанында «Қоғамға қызмет» инновациялық оқу-әдістемелік орталығы, «CSR YU» қоғамдық пікірді зерттеу орталығы да жұмыс істейді», - деп атап өтті Алтынай Мамбетова.
Сонымен бірге, ол бүгінгі күні әлеуметтік ынтымақтастық, азаматтардың, әсіресе студент жастардың өмірлік ұстанымын қалыптастыру, өзара көмек көрсету арқылы азаматтық қоғамды нығайтуға қатысу мәселесі ерекше екенін тілге тиек етті. Оның сөзінше, осы міндетті іске асырудың тиімді платформасы ҚХА кафедрасының негізгі бастамаларының бірі Маңғыстау облысының нақты әлеуметтік мәселелерін шешуге студенттерді тартуға бағытталған "Қоғамға қызмет" жобасы болып отыр.
«Қазіргі уақытта студенттік жобалар келісімшарт негізінде 25-ке жуық қала мекемелерінде жүзеге асырылып, жылына 1000 нан астам студент дәріс алады. Аналар үйі, Балалар ауылы, Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, Сәбилер үйі, Қарттар үйі, Облыстық мүгедектер спорты клубы және т. б. сияқты мекемелерде 200-ден астам студенттік жобалар жүзеге асырылады», - деді кафедра меңгерушісі.
Бұдан басқа, Алтынай Мамбетова тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай көптеген іс шаралар өткізіліп жатқанын айтып, бірқатарына тоқталып өтті.
«2021 жылдың 4-5 маусым аралығында «ҚХА кафедраларының қызметіндегі перспективалы шекара маңы ынтымақтастығы: этноинтеграциялық трендтер» атты халықаралық қатысумен Республикалық вебинар өткізілді. Вебинардың мақсаты - аймақаралық және халықаралық өзара қарым-қатынастың қазіргі этноинтеграциялық тенденцияларын талқылау, ҚХА кафедраларының қызметі шеңберінде шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың перспективалы инновациялық тәсілдері мен құралдарын анықтау. Ғылыми-практикалық вебинар барысында ҚХА кафедраларының қызметі шеңберінде шекара маңы ынтымақтастығын дамытудың перспективалы инновациялық тәсілдері мен құралдарын анықтау бойынша пайдалы ұсыныстар мен ұтымды пікірлер айтылды», - деді ол.
Сонымен қоса, кафедра меңгерушісі бейбітшілік пен келісім идеясын насихаттауға, облыстық этномәдени бірлестіктер қызметін ілгерілетуге бағытталған «Маңғыстау этносферасы» мәдени-танымдық шаралар циклы да жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Оның айтуынша, болашақта осы бағыттағы қызметтерді жетілдіріп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша, студент жастардың интеграциялық әлеуетін тиімді іске асыру бағытында жұмыстар жалғасын таппақ.